Зимбабведе Кариба көлінде паромның аударылуынан қаза тапқандар саны 68-ге жетті, деп хабарлады полиция сенбіде. Құтқарушылар тағы 22 мәйітті тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға сейсенбіде күшті толқындар кезінде болған. Паром Кариба қаласынан елдің солтүстік-батысындағы ауылдық және балықшылық қауымдастықтарға бет алған. Бұл аймақта жолдар бүлінген және қоғамдық көлік тапшы.

Билік паромда қанша адам болғанын немесе қанша адамның әлі хабарсыз екенін нақты айтқан жоқ. Болжам бойынша, жолаушылар саны 153-ке жетуі мүмкін, ал паромның сыйымдылығы 90 адам. Зимбабвенің төтенше жағдайлар агенттігі 77 адам құтқарылғанын хабарлады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, билет жасына толмаған балалар жолаушылар санына кірмегендіктен, олардың саны белгісіз болған. Кейінірек полиция тізімінде қаза тапқан балалардың 16-сы 10 жасқа дейінгілер екені, ең кішісі небәрі 1 жаста екені көрсетілген.

Кариба — әлемдегі ең үлкен жасанды көл, ол Замбези өзенін 1950-ші жылдардың аяғы мен 1960-ші жылдардың басында бөгеу арқылы пайда болған. Оның ұзындығы 200 шақырымнан асады, ал ені кей жерлерде 40 шақырымға жетеді. Зимбабве мен Замбия бұл көлді бөліседі, олардың шекарасы көлдің ортасымен өтеді.