Жыл басынан бері Қазақстаннан тыс жерде 80 қылмыскер анықталды, деп хабарлады ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл басынан бері Қазақстанның құқық қорғау органдары іздестіріп жүрген 80 адам шетелде анықталып, олардың 47-сі ұсталды. Сонымен қатар республика аумағында шет мемлекеттердің бастамасымен іздеуде жүрген 371 адамның жүрген жері анықталды. Олардың 107-сі қолға түсті.
Астанада аса ірі алаяқ ұсталды
Астанада криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша мемлекетаралық іздеуде жүрген күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол Алматы қаласында тұрғын үй кешенін салу сылтауымен үлескерлердің ақшасын заңсыз иемденген. Келтірілген шығын көлемі шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды.
Алматыда халықаралық іздеудегі шетел азаматы ұсталды
Алматыда Қазақстан Республикасы ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Хорватияның құқық қорғау органдарымен халықаралық іздеуге жарияланған шетел азаматы ұсталды. Ол ақша жымқыру және оны заңдастырумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Алдын ала мәлімет бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 30 миллион еуроны құрайды.
Тбилисиде қазақстандық алаяқ ұсталды
Тбилисиде Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген ҚР азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол автокөлік сату барысында бірнеше алаяқтық әрекет жасап, жәбірленушілерге 118 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген.
Молдовада есірткі зертханасын қаржыландырған күдікті ұсталды
Молдова аумағында Қазақстанның құқық қорғау органдарының бастамасымен халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол Қарағанды облысындағы есірткі зертханасының қызметін криптовалюта аударымдары мен мессенджерлер арқылы үйлестіріп, қаржыландырған. Бұған дейін аталған зертхана жойылып, заңсыз айналымнан есірткі заттары, жабдықтар және прекурсорлар тәркіленген болатын.
