Блогер Жузефина Жауынбаева әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерінен кейін полиция тексеруінің фигурантына айналды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қостанай облысының полиция департаментінің мәліметінше, эфирлерде ол әкесі тарапынан бала кезінде жасалған жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттер туралы мәлімдеген. Полиция әлеуметтік желілерде қыздың қатысуымен бейнематериалдар тарағанын анықтады. Тікелей эфирде ол былапыт сөйлеп, орынсыз мінез-құлық көрсеткен.
Полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, туыстарынан сұрап, жарияланған материалдарды зерттеген. Қыздың ата-анасының айтуынша, бейнематериалдарда келтірілген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ олар қызымен ұзақ уақыт байланыста болмағандарын хабарлаған. Полиция барлық тараптың дәлелдері тексерілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, ата-анасының өтініші бойынша жалған ақпарат тарату фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ қыз ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылады. Полиция департаменті мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік туралы еске салды: «Кез келген жалған мәліметтер құқықтық бағалауға жатады және әкімшілік, сондай-ақ қылмыстық заңнамада көзделген жазаға әкеп соғады».
Бұған дейін Жузефина Жауынбаеваның тікелей эфирлері қазақстандық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған. Пайдаланушылар трансляциялардың үзінділерін жариялап, оның отбасы мен шоу-бизнес өкілдері туралы мәлімдемелерін пікірлеген. Бұрын «Курсив» алматылық Элеонора (әлеуметтік желілерде Леля Берг ретінде танымал) бала кезінде әкесі тарапынан зорлық-зомбылық көргені туралы айтып, тергеуді қайта бастауға тырысатынын жазған. Талқылаудың жаңа толқынына оның әкесімен сөйлескен бейнежазбасы себеп болған, онда ер адам айыптауларды жоққа шығарып, не туралы айтылып жатқанын түсінбейтінін мәлімдеген.
