Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тәртібі өзгереді, деп хабарлайды еңбек министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл тәртіп 1 қазаннан бастап күшіне енеді. Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады.

Бұл өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы биыл 1 қазаннан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.

Пилоттық жоба бойынша әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді.

"Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді", - дейді министрлік.

Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді.

Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.

Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.