Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомствоның негізгі жұмыс бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Кездесуде министр халықты жұмыспен қамту жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, ендігі басты мақсат – уақытша шаралардан гөрі тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашу. Бұл ретте білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұранысын ұштастыру, әсіресе NEET санатындағы жастарды жұмысқа тартуға басымдық беріледі.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру мәселесі сөз болды. Министрлік цифрлық құралдар арқылы көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз етпек. Сонымен қатар еңбекке жарамды азаматтарға көмек тағайындалған жағдайда, оларды әлеуметтік келісімшарт аясында міндетті түрде жұмыспен қамту тәжірибесі кеңейтілмек.

Зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен төлемдердің лайықты деңгейін сақтау да министр баяндамасының негізгі тақырыптарының бірі болды. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғауға ерекше назар аударылды. Оларға арналған қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру, оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыру және инклюзивті жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Асқарбек Ертаев Президентке Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жоспары туралы да ақпарат берді. Бұл құжат көші-қон үдерісін тиімді басқаруға, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізуге және ішкі еңбек нарығын қорғауға бағытталған.

«Кездесу соңында Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамтуды жақсарту, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың шын мұқтаж жандарға жетуін қатаң бақылау, зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру және теңгерімді көші-қон саясатын жүргізу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.»

Фото: Әлеуметтік желіден