Үкіметте қазақстандық жұмыс берушілердің жұмысын жеңілдететін жаңа сервис таныстырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, бұл жүйе арқылы еңбекақы қорынан алынатын міндетті төлемдерді бір батырманы басу арқылы төлеуге болады. Үкіметтің хабарламасында: "Бүгінгі таңда жұмыс берушілер жұмысшыларға арнап, шамамен 7-8 түрлі әлеуметтік төлемді жүзеге асырады. Олардың әрқайсысы жеке әдістемемен есептеледі", - делінген.
Жаңа сервис қолданыстағы жеңілдіктер мен қызметкерлердің жекелеген санатының ерекшелігін ескере отырып, барлық қажетті төлемді автоматты түрде есептеуге, сондай-ақ төлем құжатын банкке жіберуге мүмкіндік береді. Сервисті енгізу шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік жүктемесін айтарлықтай төмендетеді, мәселен, 200.00 нысанын ұсыну қажеттілігінен бас тартуға болады.
Бұл қызмет осы жылы қыркүйекте пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Сынақтан сәтті өткен жағдайда, 2027 жылғы қаңтардан бастап тұрақты енгізіледі.
