Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп саласындағы жаңа бірлескен жобаларды және екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Үкіметтің хабарлауынша, 2026 жылдың 8 айында Қазақстанның Ленинград облысымен тауар айналымы 2,5%-ға өсіп, $257,9 млн болған.

«Біздің міндетіміз – өзара сауданы кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту және екі тарапқа да нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау», – деп атап өтті Қазақстан премьер-министрінің орынбасары.

Тараптар агроөнеркәсіп кешенін келешегі зор бағыттардың бірі ретінде атап көрсетті. «Қазақстан сүт бағытындағы мал шаруашылығы, селекция, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Ленинград облысының осы бағыттардағы тәжірибесі кооперацияны кеңейту және шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыру үшін негіз бола алады», – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар кездесуде өнеркәсіп кооперациясына және өндірістерді локализациялауға ерекше назар аударылды.