Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында алғашқы екі жаңартылған нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ауыл» станциясының теміржол вокзалы 1929 жылы салынса, Белағаш вокзалының тарихы 1914 жылдан бастау алады. Екі нысанда да ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Жаңарту барысында шатыр ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылды. Сумен жабдықтау, кәріз, желдету, ауаны баптау, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңартылды. Сондай-ақ жолаушылар платформалары реконструкцияланып, іргелес аумақ абаттандырылды.

Бұл жоба Абай облысындағы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының алғашқы кезеңі болып табылады. Жаңартылған вокзалдар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірдің көліктік байланысын жақсартуға бағытталған.