Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жүргізушілерге арналған балдық жүйені енгізу тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік халықаралық тәжірибені зерделеп, жаңа жүйені әзірлеген.
«Қазір айыппұлдарды елемейтін өрескел құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында балдық жүйе енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл жүйеде әрбір құқық бұзушылық және оның ауырлық деңгейі ескеріледі. Айыппұлмен қатар, бірнеше рет және ауыр құқық бұзушылық жасағаны үшін жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату көзделеді», – деді Сәденов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, жол қозғалысы ережелеріне енгізілетін тиісті түзетулер жақын арада Құрылтайдың қарауына ұсынылады.
