Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына енгізілетін өзгерістерді әзірледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайта тапсыру тәртібі

Алдағы уақытта бірінші емтихан сәтсіз тапсырылса, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға мүмкіндік болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі.

Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр.

Теория нәтижесі сақталады

Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады.

Шетелдік куәлікті ауыстыру

Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтиханды тапсыру қажет. Бұдан бөлек, жол полициясы куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Ол елдің құзыретті органы куәліктің түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.

Көлікті тіркеу өзгерісі

Көлікті тіркеуге қатысты өзгеріске сәйкес, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек қаратудың қажеті болмайды. Қайта жабдықтаудың қауіпсіз екенін растайтын құжат болса жеткілікті.