Қырғызстанда бірнеше әйел мен жас қызды айуандықпен өлтірді деп айыпталған «Бішкек маньягы» лақап атымен танылған Құмарбек Абдыров тергеу абақтысында өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Қырғызстанның Қылмыстық-атқару қызметі Абдыровтың 7 ақпан күні түскі уақытта өз камерасында асылып қалғанын растады. Оқиғаға қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, қызметтік тексеріс басталды.
Еске салсақ, Құмарбек Абдыровтың есімі былтыр Жел-Арық ауылында 17 жастағы Айсулуу М.-ның өлімінен кейін белгілі болды. Тергеу барысында күдікті қызды алдымен зорлап, кейін тұншықтырып өлтіргенін мойындаған. Осы оқиғадан кейін оның бұрын жасаған басқа да ауыр қылмыстары әшкерелене бастады.
«Анықталғандай, ол 2011 жылы Орок ауылында жүкті келіншекті зорлап, өлтірген. 2014 жылы Бішкекте 19 жастағы Камила Дүйшебаеваны өз орамалымен буындырып, денесін қала сыртына тастап кеткен. Араға үш күн салып, тағы бір 22 жастағы қызды зорлап, тұншықтырып өлтіргені белгілі болды. Ал 2015 жылы тағы бір жәбірленушіні каналға итеріп, соңынан тас лақтырғанымен, ол аман қалған.»
—
Бұған дейін Құмарбек Абдыров басқа қылмысы үшін 12 жылға сотталып, кейін жаза мерзімі 7 жылға дейін қысқартылғаны қоғамда үлкен талқы тудырған еді. Ол соңғы құрбаны Айсулуудың өліміне қатысты сот үкімін күтіп жатқан болатын.
Фото: 24kg
