Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) сапасыз бензиннен зардап шеккен көлік жүргізушілеріне өтемақы беруді ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фракция басшысының мәлімдемесі

Құрылтайдың бүгінгі отырысында фракция басшысы Асхат Рақымжанов сапасыз бензинге қатысты арыз-шағымдардың көбейгенін мәлімдеді.

«Көлік жүргізушілері шығынға батып отыр. Сапасыз бензиннің салдарынан 200-600 мың теңгеге көлік жөндеуге тура келеді. Бүгінде мемлекеттік органдар бірнеше өңірде талапқа сай келмейтін жанар-жағармайдың сатылғанын да анықтады. Мәселен, Алматыда сапасыз АИ-100 бензині сатылған. Ал Қызылорда облысында көліктерге АИ-95 маркасымен АИ-92 бензинін құйған», — дейді депутат.

Бақылауды күшейту талабы

Осыған байланысты ЖСДП депутаттары мемлекет тарапынан мұнай өнімдерінің сапасын бақылауды күшейтуді талап етті. Сондай-ақ бензиннің әрбір партиясын QR-кодпен тасымалдау қажет деп санайды. Бұл жағдайда көлік жүргізушілері QR-кодты сканерлеп, бензиннің қайдан шыққанын және зертханалық бақылаудың нәтижесін көре алады.

Өтемақы механизмі

«Сосын сапасыз бензиннен зардап шеккен азаматтарды қорғаудың нақты механизмін құру қажет. Олар үшін көлік диагностикасы мен жөндеуге кеткен шығындардың өтемақысын қарастырған жөн. Артынан оны кінәлі адамдардан өндіріп алуға болады», — деді Рақымжанов.

Фракция бензинді жеткізу тізбегі бойынша да жауапкершілік бекітуді ұсынды.