Ішкі істер министрлігі жол ережесіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Заңнамалық түзетулер 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Министрлік мамандары ең алдымен 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілердің екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өту қажеттігін еске салады. Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер ішкі істер министрлігіне автоматты түрде түседі. Ал тексерістен өткені туралы ақпарат түспесе, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. Бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қойылып отыр.
Тағы бір өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты. Оған сәйкес, жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтиханға жіберіледі. Негізгі себептер: жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу; белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру; маневр жасау; жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу. Мамандардың айтуынша, егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.
Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұдан былай қылмыстық іс жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.
