Бүгіннен бастап Қазақстан жолдарындағы камералар жүргізушілердің тағы екі түрлі ереже бұзушылығын тіркей бастады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Енді автоматты жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон қолданғандарды және қауіпсіздік белдігін тақпағандарды анықтай алады. Сонымен қатар, жүйе мемлекеттік дерекқорлар арқылы техникалық байқаудың мерзімі өтіп кеткенін, сақтандыру полисінің жоқтығын және басқа да заңбұзушылықтарды тексере алады.

Алматы қалалық полиция департаментінің басқарма бастығы Серік Шұмаевтың айтуынша, бұл жаңалық жүргізушілер үшін қосымша тыйымдар енгізбейді.

««Заң талаптары бұрынғыдай қалады, тек ереже бұзушылықты тіркеу тәсілі өзгереді. Мақсат – заманауи технологиялар арқылы жолдардағы тәртіпті күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді ол.»

Бұған дейін автоматты камералар заңбұзушылықтың алты түрін тіркеп келген: жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өту, жол белгілері мен сызықтарын сақтамау, көлікті дұрыс тоқтатпау немесе тұраққа қоймау, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу.