Қазақстанда жол апаты жиі тіркелетін учаскелерде 70-ке жуық медициналық пункт орнатылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде жарақат алған пациенттерге медициналық көмек көрсету жүйесін жаңғырту аясында 2027 жылға дейін өңірлік травматологиялық орталықтар желісі құрылып, шокқа қарсы бөлімшелер жаңғыртылады.
Сонымен қатар жедел медициналық көмекті күшейту және жарақаттанудың профилактикасы шараларын жетілдіру жоспарланып отыр.
Министрлік хабарлауынша, бүгінде мамандандырылған көмекті 1 500-ден астам травматолог дәрігер көрсетеді. Елде 81 травматологиялық пункт, 4 мыңнан астам мамандандырылған төсек және 260 медициналық ұйым жұмыс істейді.
Қызметтің кадрлық әлеуетін нығайту және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Негізгі бағыттардың бірі – өңірлік травматологиялық орталықтар желісін құру. Мұндай орталықтар Астана, Алматы, Қарағанды және Балқаш қалаларында ашылған. 2027 жылға дейін желіні еліміздің өзге өңірлерінде де кеңейту жоспарланып отыр.
Жедел медициналық көмекті дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Қабылдау бөлімшелеріндегі 210 шокқа қарсы кабинетті заманауи Trauma room бөлмелерімен қайта жарақтандыру, сондай-ақ автомобиль жолдарының жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерінде 69 тірек медициналық пункт және туристік аймақтарда 60 маусымдық медициналық пункт құру жоспарланып отыр.
