Қазақстандағы жол апаттарының 91%-ы жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзумен байланысты болып отыр, деп хабарлады көлік министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құқық бұзушылықтардың пайыздық көрсеткіші мынандай: - жылдамдықты арттыру – 33%; - көлік құралын басқаруды жоғалту – 14%; - арақашықтықты сақтамау – 13%; - жол белгілерінің талаптарын елемеу – 10%.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол апаттарының саны азайған. Жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ға төмендеп, 1 507 жағдайдан 1 371 жағдайға дейін қысқарды.
Бұл динамикаға көліктік жүктеменің айтарлықтай өсуі аясында қол жеткізілді – жарты жылда қозғалыс қарқындылығы 37%-ға артып, 22,3 млн көлік құралын құрады. Министрлік хабарлауынша, жол апаттарының азаюына жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырымды құрайтын ақылы жол учаскелерінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің енгізілуі ықпал етіп отыр.
