Қостанай облысы Жітіқара қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Шортанды өзенінде шомылып жүріп, суға батып бара жатқан әйелді құтқарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға кешкі уақытта профилактикалық рейд кезінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 1990 жылы туған әйел демалыс үшін жабдықталмаған жерде шомылуды ұйғарған. Жағадан шамамен 50 метр қашықтыққа жүзіп барып, ол өздігінен қайта алмай, көмекке шақыра бастаған.
ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, әйелді жағаға жеткізіп, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Құтқарылған әйелге медициналық көмек қажет болмады.
«Әйелді жедел түрде жағаға жеткізіп, полиция қызметкерлеріне тапсырды. Оған медициналық көмек қажет болмады», — деп хабарлады ТЖМ.
Ведомство шомылу тек жабдықталған жағажайларда ғана қауіпсіз екенін, тыйым салынған жерлерде суға түсуге болмайтынын және өз күшіңізді объективті бағалау қажеттігін еске салды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне қоңырау шалу керек.
Бұған дейін «Курсив» Семейде мас ер адамды судан құтқару туралы жазған болатын.
