«Валдай» халықаралық пікірталас клубының XXIII отырысының бесінші сессиясында Әлемдік экономика департаментінің ғылыми жетекшісі Леонид Григорьев әлемдік экономиканы «Титаникпен» салыстырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Григорьев 1912 жылы «Титаник» кемесінің теңізшілерінде дүрбі болмағанын айтты. Соның салдарынан олар айсбергті дер кезінде байқамай, капитан да дұрыс әрекет ете алмаған. Экономистің пікірінше, қазіргі жағдай да «Титаникке» ұқсайды.
Әлемнің кейбір аймақтарында тоқырау байқалса, басқа өңірлерде «дауыл» соғып тұр. Ал әлемдік экономика суға батпау үшін жанталасып келеді. Алайда алда қандай айсбергтер тұрғаны ешкімге белгісіз.
«Яғни, «Титаникті» суға батыру үшін көп жұмыс қажет болды. Егер біз әлемдік экономиканы құрдымға жіберетін болсақ, онда өзіміздің де жағдайымыз мәз болмайды. Дағдарыстарға қарамастан, әлемдік экономика өздігінен дамып келеді», – деді ол.
Оның айтуынша, соғыстардың басталуы, президенттердің жоғалып кетуі – мұның бәрі лезде болады. «Ең жылдам нәрсе – бұл сатқындық. Бірақ достық пен сауда өте тұрақты», – деді сарапшы.
Экономистің айтуынша, «Титаниктің» 2027 жылы жүзу мүмкіндігі бар. Ең бастысы – ешкім оны тұтқиылдан жарып жібермеуі керек.
ЖИ әлемдік экономиканы құрдымға жібере ме?
«Әрине, жасанды интеллекттен қорқу әлі де бар. Жасанды интеллектпен байланысты компаниялардың акциялары қарқынды өсіп келеді. Парадоксальды түрде, қаржылық жарылыс, қаржылық триггер қаупі бар – яғни бұл компаниялардың акцияларының бағасы төмендеуі мүмкін», – деді ол.
Григорьев 80 жылдық тарихы бар Тьюринг принципін еске салды. «Егер сіз біреумен телеграф арқылы хабар алмасып, ұзақ уақыт бойы оның адам емес екеніне күмәнданбасаңыз, онда бұл адамның ақыл-ойы. Қазір, біз түсінгендей, бұл принцип енді жұмыс істемейді. Жасанды интеллект бізбен біраз уақыт сөйлеседі және біз оны адамның ақыл-ойы деп ойлаймыз», – деп толықтырды экономист.
Сондықтан ол келесі қадамды ұсынды: «жасанды әзіл» ұғымын енгізу керек. «Егер біреу сізді әзілмен күлдіре алса, бұл – адамның әзілі», – деді ол.
«Валдай» халықаралық пікірталас клубының XXIII отырысы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді.
