Жетісу облысында жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Жаркент қаласында полиция қызметкерлері басқа көлік құралына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісімен автокөлік басқару дерегін анықтаған.
Тексеру барысында Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі өз көлігіне Toyota Camry автокөлігіне тиесілі мемлекеттік нөмірді орнатып, қала көшелерінде жүргені белгілі болды. Құқық бұзушылық полиция қызметкерлерімен анықталып, көлік құралы тоқтатылды.
Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жиналған материалдар сотқа жолданды. Істі қарау нәтижесінде Панфилов аудандық соты жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ жазасын тағайындады.
Сонымен қатар ер адам бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі тәркіленіп, белгіленген тәртіппен жойылуға жатады.
Полиция басқа көлік құралына тиесілі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану өрескел құқық бұзушылық болып табылатынын ескертеді.
