Жетісу облысында құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз шығармақ болғандар ұсталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шикізатты шетелге шығару үшін кеден құжаттарында жүк "мыс кені мен концентраттары" деп көрсетілген. Осылайша оның нақты құрамы жасырылған.

"Кейінгі тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылды", - деп жазылған хабарламада.

Тергеу барысында заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар "RedGold Mining" ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды. Екі күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды.