Жетісу облысы Сарқан ауданында Алматы – Өскемен тас жолында екі көліктің соқтығысуынан бес адам қаза тауып, екі адам жарақаттанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға орнынан түсірілген суреттерді krisp.tdk парақшасы Instagram-да жариялады.
Полиция мәліметінше, тас жолда екі автомобиль соқтығысқан. Апат салдарынан оқиға орнында бес адам – екі жүргізуші және Toyota Camry 55 көлігінің үш жолаушысы қаза тапты. Тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары тағы да жүргізушілерге жол жүрісі ережелерін сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, қашықтықты сақтауға және рульде барынша мұқият болуға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» Алматы – Шелек – Қорғас тас жолында үш адамның қазасына әкелген жол апаты туралы хабарлаған болатын.
Кеше Алматыда жол апаты салдарынан үш адамның өліміне кінәлі бизнесмен Александр Пак 10 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.
