Жетісу облысы Сарқанд маңында болған жантүршігерлік жол апатынан бес адам көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 26 маусым күні кешкі уақытта Алматы – Өскемен тас жолының 432-шақырымында болған. Полицияның мәліметінше, екі автокөлік соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.

Ал түрлі дене жарақатын алған тағы екі жолаушы шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жол апатының нақты себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.