Жетісу облысы Ақсу ауданы Қапал ауылы маңынан төрт жыл бұрын ортағасырлық қалашық табылды. Қазіргі уақытта археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеу жұмыстарының барысы туралы «Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы» мекемесінің директоры Ғалымжан Оспанов айтып берді. Тарихи қалашық Қапал ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 7 км жерде, Жетісу Алатауының батыс сілемі – Қаратау тауларынан бастау алатын бірнеше шағын өзендердің түйісетін нүктесінің жоғарғы жағында орналасқан.

«Бұл қалашықты Текелі қаласында тұратын кәсіпкер Роман Мартыненко деген жігіт тапқан. Ол Әл-Фараби атындағы институттың мамандарына хабарласып, олар келіп көз жеткізгеннен кейін, "бұл – қалашық" деген екен. Әу баста қаржыландыру болмағандықтан Роман Мартыненко екі жыл өз қаражатын жұмсап, археологтарға ақша төлеген. Биылғы жылы зерттеу жұмыстары жалғастыруда», - дейді Ғалымжан Оспанов.

Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің студенттері мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Бұл Х-ХІІ ғасырда болған қалашық екен. Жалпы көлемі 300 шаршы метр, қазіргі таңда ол жерден малдың сүйектері, қыш ыдыстар табылды. Оларды археологтар зертханаларда зерттеп жатыр», - дейді Ғалымжан Оспанов.

Бұл жерге германиялық мамандар да қызығушылық танытқан. Археоботаник маман ортағасырлық қала тұрғындарының қандай дәнді-дақылдарды тұтынғандығын анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы бұл іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің тарихи және мәдени мұраларын сақтау, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ жастардың табиғат пен тарихи орындарға деген жауапкершілігін арттыру. Айта кетейік, археологиялық қазба жұмыстары 2023 жылдан бастап жүргізіліп келеді.