Жетісу облысындағы «Жетісу Май» зауытына қатысты жоспардан тыс тексеру басталды. Бұған әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба себеп болған. Бұл туралы облыстық экология департаменті хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода зауыт маңындағы терең шұңқырдың белгісіз сұйықтыққа толғаны көрсетілген. Бейнежазба авторының айтуынша, майға ұқсас сұйықтық бұл жерге үнемі төгіледі.
Осы жағдайға байланысты облыстық экология департаменті тексеру жұмыстарын бастады. «Қазіргі уақытта экология департаменті «Жетісу Май» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру аясында департаменттің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары зертханалық зерттеуге жіберу үшін топырақ сынамаларын алды», – деп хабарлады ведомство.
Департамент мәліметінше, тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Экологтар тексеру қорытындысы мен қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті.
