Ұлттық экономика министрлігі «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жеңілдетілген кредит алған табысты жобалардың тізімін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 200 млн теңгеге дейін үш жылға кредит ала алады. Қарыздың ең төменгі ставкасы – 12,6 пайыз. Жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жоба қолдау тапты. 2026 жылы 400 млрд теңге көлемінде 5 мыңға жуық жобаны қаржыландыру жоспарланған.
Табысты жобалардың қатарында:
- 01**Жамбыл облысы** – қой терісін өңдейтін кәсіпорын. Өнімдері: әскери бас киімдер, тондар мен жартылай тондар. Кредитке күн электр панельдері орнатылды.
- 02**Қызылорда облысы** – күріш өндірумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорын. Айналым қаражатын толықтыру үшін 110 млн теңге кредит алынды.
- 03**Петропавл қаласы** – медициналық жабдық өндіретін кәсіпорын. Бактерицидтік сәулелендіргіштер, ауа рециркуляторлары, озонаторлар, ультракүлгін шамдар, ламинарлық және стерильді шкафтар шығарылады. 100 млн теңге кредитке бөлшектер мен компоненттер сатып алынды.
- 04**Түркістан облысы** – TARIX брендімен ірімшік шығаратын кәсіпорын. 100 млн теңге кредит сүт шикізатын сақтауға арналған қойма салуға жұмсалды.
- 05**Ақтөбе қаласы** – төсек-орын жабдықтары мен тұрмысқа қажетті ұлттық бұйымдар өндіретін кәсіпорын. 35 млн теңге кредит айналым қаражатын толықтыруға, шикізат қорын ұлғайтуға, өндіріс сапасын жақсартуға және өнімді нарыққа ілгерілетуге бағытталды. Алдағы уақытта қосымша 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бағдарламаға «Даму» қоры жауапты. Қажетті ақпаратты қор филиалдарынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
