Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жеке меншік клиникаларға лицензия беру тәртібін өзгерту жоспары жайында айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі кезде министрлік проактивті форматта бақылау жасай алады. Соның нәтижесінде лицензияны тоқтату немесе медициналық қызметкерді жұмыстан шеттету сияқты шаралар қабылданады. Ал ескерту орындалмаса, лицензия тоқтатылады.

Биыл тексерістің нәтижесінде 78 медициналық ұйымның, соның ішінде стоматологиялық клиникалардың лицензиясы кері қайтарылды.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жеке клиникалар лицензияны бір рет алады да, жұмыс істей береді. Материалдық-техникалық базаны да жиі растаудың қажеті жоқ.

«Біз бұл норманы қайта қарап, шұғыл лицензиялауды қайтаруды ұсынып отырмыз. Сонда лицензияның кем дегенде бес жылда бір рет материалдық-техникалық базаға сәйкестігін растау қажет болады. Осы шаралардың барлығы бір ғана мақсатқа бағытталған. Біз болсақ, мемлекеттік реттеуші ретінде осыны орындауға міндеттеміз», – деді Әлназарова үкіметтегі брифингте.

Айта кетері, бүгін министр нақты кімдердің жалақысы өсетінін де айтқан.