Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңгенің зардабы өтелгенін жеткізді. Сондай-ақ 7 қылмыстық топтың (оның ішінде төртеуі – трансұлттық топ) және 176 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылғанын айтты.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстату үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған. Өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңгені өткізген 36 дропперлік топ анықталды.

ТМД елдері аумағында алғаш рет дербес деректерді заңсыз иемдену мақсатында ұялы байланыс операторларының жұмысын имитация жасайтын және фишинг SMS-хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған адамдар ұсталғанын баяндады.

«Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу үшін жеке клиникалардың 140 мың азаматтың жалған тіркеу мәліметтерін көрсеткені белгілі болды», - делінген Ақорда хабарламасында.

Бұдан бөлек, алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталды. Алаяқтық пиғылымен ашылған 2,3 мың ресурстың және 35 мыңнан аса мүшесі бар 25 чаттың қызметі тоқтатылды.

Мемлекет басшысы агенттік қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.