2026 жылғы жаз мезгілінде қазақстандықтар ақылы жолдар арқылы 25,8 млн сапар жасаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Қазақстандағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 28 ақылы учаскесінде 25 818 167 көлік жүріп өту дерегі тіркелді.

Жаздың үш айында тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік жүріп өткен.

Ең қарқынды бағыттар

Жаз мезгіліндегі ең қарқынды бағыт «Алматы – Қонаев» учаскесі болды. Мұнда үш айда 4,3 миллионнан астам көлік жүріп өткен.

Екінші орында – «Шымкент – Өзбекстан Республикасының шекарасы бағыты»: 2,68 млн.

Үшінші орында «Шымкент – Тараз» учаскесі тұр. Бұл бағытта 1,87 млн көлік жүріп өту дерегі тіркелген.

Сонымен қатар «Тараз – Қайнар», «Астана – Теміртау», «Астана – Щучинск», «Шымкент – Қызылорда» және «Қонаев – Талдықорған» бағыттарында да көлік қозғалысының жоғары қарқындылығы байқалды.

Сұраныс жоғары он учаске

Сұраныс жоғары он учаскенің өзінде 18,2 млн-нан астам көлік жүріп өткен. Бұл ақылы жолдар желісіндегі жазғы трафиктің шамамен 71%-ын құрайды.

Автокөлік сапарларының географиясы еліміздің ірі қалаларын байланыстыратын бағыттармен қатар, танымал туристік және демалыс аймақтарына апаратын жолдарға да сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Олар:

  • 01Алматы – Қонаев;
  • 02Астана – Щучинск;
  • 03Щучинск – Көкшетау;
  • 04Қарағанды – Балқаш;
  • 05Қызылорда – Арал;
  • 06Үшарал – Достық.

«ҚазАвтоЖол» хабарлауынша, жазғы трафик көрсеткіштері автокөліктің Қазақстан ішінде қатынаудың негізгі құралдарының бірі болып отырғанын көрсетеді.