Украина әскері соғыс алаңында роботтандырылған технологияларды, соның ішінде жерүсті дрондарын белсенді қолдана бастады. Енді кейбір позицияларға шабуыл жаяу әскердің қатысуынсыз жасалып, тіпті тұтқындар да роботтар арқылы алынып жатыр, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
3-ші жеке шабуылдау бригадасының «NC13» бөлімшесінің командирі Николай «Макар» Зинкевичтің айтуынша, жақында тарихта алғаш рет қарсылас позициясы тек роботтар мен дрондардың күшімен алынған.
«Біз қарсыластан сан жағынан ешқашан басым болмаймыз. Сондықтан бұл артықшылықты технология арқылы алуымыз керек.»
—
Бүгінде жерүсті дрондары шабуыл кезінде үйреншікті құралға айналған. Мәселен, пулемет орнатылған бір ғана робот 45 күн бойы ресейлік әскердің шабуылын жалғыз өзі тежеп тұрған.
Украина президенті Владимир Зеленский соңғы 3 айда роботтар мен дрондардың 22 мыңнан астам миссия орындағанын мәлімдеді. Ал Қорғаныс министрлігі майдан бойында 15–20 шақырымдық «жою аймағын» құрып, логистика мен әскери операцияларды барынша автоматтандыруды көздейтін жаңа стратегияны іске асырып жатыр.
Алайда әскери сарапшылар соғысты толықтай жасанды интеллектке сеніп тапсыруға әлі ерте екенін ескертеді.
«Соңғы шешімді бәрібір адам қабылдауы керек. Қаруды толықтай жасанды интеллектке сеніп тапсыра аламыз ба? — дейді командирлердің бірі.»
—
