Қазақстанда жекелеген санаттағы студенттерге жатақханада тұру шығыстарын өтеу үшін жылына 100 050 теңгеге дейін төлем қарастырылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасының эфирінде бұл төлем тек бірінші курс студенттеріне ғана емес, сонымен қатар екінші және үшінші курс студенттеріне де берілетінін айтты.
«100 050 теңге көлеміндегі қаражат тек бірінші курста ғана емес – бұл қолдауды екінші және үшінші курстарда да алуға болады. Бұл шара осы санаттағы студенттерді қолдауға бағытталған», – деп атап өтті ол.
Осылайша, белгіленген шарттарды сақтаған жағдайда, аталған санаттағы студенттер оқудың бірнеше жылы ішінде жатақханада тұру ақысын өтеу ала алады.
Қазақстан үкіметінің деректері бойынша, барлығы 7 145 адам төлем алуы тиіс. Оның ішінде 4 651-і – жетім студенттер.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстандағы студенттер жатақханасында орынды бірінші болып кім алатыны туралы айтқан болатын.
Ал кеше Алматыда жатақханасыз қалған студенттерге арналған орталық ашылды.
