АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында өткен жасөспірімдер (U20) арасындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық диск лақтырушы Максим Сажнев диск лақтыру турнирінің финалында 11-орынға ие болды. 17 жастағы спортшы алғашқы әрекетінде дискті 59,85 метрге лақтырды, ал қалған екі әрекеті сәтсіз аяқталды. Ол біліктілік кезеңінде көрсеткен нәтижесін – 61,37 метрді (Қазақстанның жасөспірімдер рекорды) қайталай алмады.
Алайда бұл нәтиже тек 10-орынға ғана жететін еді. Финалға қатысқан 13 спортшының бесеуі жеке рекордтарын жаңартты, ал америкалық Симон Росселли турнир рекордын орнатты. Ол 66,39 метр нәтижемен алтын медаль жеңіп алды. Күміс жүлде эстондық Стен-Эрик Иирге (65,42 м), қола жүлде Ямайкадан келген Джозеф Ричард Салмонға (64,37 м) бұйырды.
Осылайша, іріктеу кезеңінен өтіп, МЧМ-2026 финалына жолдама алған екі қазақстандық жеңіл атлет те 11-орынға табан тіреді. Бұған дейін сырықпен секіруші Анна Черкашина ел рекордын (4,10 м) жаңартып, үздік ондыққа ене алмай 11-орынға тоқтаған болатын.
Қазақстан МЧМ-2026-да қатысу нормативтерін орындаған 11 жеңіл атлетпен өкілдік етті. Бұл – Польшаның Быдгощ қаласында өткен 2008 жылғы жасөспірімдер әлем чемпионатынан кейінгі ең көп құрам (12 спортшы). Екі жыл бұрын Перу астанасы Лимада қазақстандық спортшылардың саны бесеу болса, Колумбияның Кали қаласында өткен 2022 жылғы әлем чемпионатында төртеу еді.
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында 1994 жылдан бері жеке командамен өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде біздің спортшылар 16 турнирдің ешқайсысын жіберіп алмады, алайда әзірге жүлделі орынға іліге алмады.
