Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы жылыту маусымында көмір жеткізу процесін жасанды интеллект бақылайтынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, өңірлерді көмірдің қажетті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай цифрлық платформа әзірленді. Оған жасанды интеллект және предиктивтік талдау элементтері енгізілген.
Жүйеде көмір өндіруші кәсіпорындар, теміржол тасымалдаушылары, көмір тұйығы операторы мен тұтынушылар туралы мәліметтер бар.
«Платформа нақты уақыт режимінде көмірдің өндіруден және жөнелтуден бастап халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілуіне дейінгі барлық кезеңдегі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тапшылық тәуекелдері мен бекітілген кестелерден ауытқуларды автоматты түрде анықтайды», - деді Ақкенженов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, бүгінде елді газдандыру шараларына байланысты көмір тұтынатын үйлердің саны азайып келеді. Мәселен, алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды, былтыр бұл көрсеткіш 8,3 млн тонна болған.
