Үкімет басшысы Олжас Бектенов энергетика министрінен жарықтың жаппай өшуінен кейін қолға алынған жұмыс жайында сұрады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Сол кезде премьер 14 тамыздағы жағдайды еске алды. Алматыда және басқа бірқатар өңірде жарық жаппай өшіп қалған болатын.

«Осы жағдайға байланысты тексеріс нені көрсетті? Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?», – деді Бектенов.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығы ескеріле отырып, жарық беретін жаңа нысандарды іске қосуға басымдық беріліп отыр. Оның ішінде Алматы қаласындағы ЖЭО-2, ЖЭО-3, ал Түркістан облысында қуаты 1 000 Мегаватт жаңа бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар оңтүстік аймақта қуаты 500 Киловольт «Шу-Жамбыл-Шымкент» электр желісінің құрылысы жалғасуда. Аяқталу мерзімі – 2027 жылдың екінші тоқсаны. Қазіргі кезде жұмыстың 50 процентке жуығы орындалды, – деді Ақкенженов.

Айтуынша, арнайы мемлекеттік комиссия жақын арада премьер-министрге қосымша шараларды ұсынады.