Жетісу облысы Панфилов ауданында көпірді су шайып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жауын-шашын мен беткейлік ағындардың пайда болуы салдарынан Бурхан өзенінде су деңгейі көтеріліп кеткен. Салдарынан облыстық маңызы бар «Жаркент – Талды» автомобиль жолының 3-ші шақырымындағы көпірді су шайып кетті. Жол қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Жаркент қаласының әкімдігі.

Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жеке құрамның 14 адамы, ТЖД техникасының 8 бірлігі жұмылдырылды. Жұмыс жалғасып жатыр. «Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мекемесінің ақпараты бойынша, қалпына келтіру жұмыстарын бүгін аяқтау жоспарланған, содан кейін «Жаркент – Талды» автомобиль жолы ашылады.

Еске сала кетейік, жауыннан кейін осы аудандағы Өсек өзені тасыды. Кеше құтқарушылар су деңгейі көтерілген өзеннен екі жасөспірімді аман-есен құтқарып қалды.