Жаркентте ер адам бір ай ішінде дүкеннен 600-ден астам шоколад ұрлаған, деп хабарлады Polisia.kz. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінің өкілі жүгініп, дүкеннен "Рахат Қазақстан" маркалы шоколадтардың жүйелі түрде жоғалып жатқанын хабарлаған.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында қауіпсіздік қызметі бір ер адамның бірнеше апта бойы дүкенге тұрақты келіп, шоколадтарды сөмкесі мен қалталарына жасырып, төлем жасамай шығып кететінін анықтаған.
Тексеру барысында күдіктінің бірдей тәсілмен әрекет еткені белгілі болды. Ол дүкенге кіріп, айналасында адамдарды бақылай отырып, шоколадтарды сөмкесіне салып алған. Арада бірнеше минут өткен соң қайта оралып, осы әрекетін қайталаған. Кей күндері осындай "рейдті" бес-алты рет жасаған.
Бір ай ішінде сауда орталығынан барлығы 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асты.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Панфилов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
