Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кумамото префектурасында болған 7,1 балдық жер сілкінісі салдарынан Aeon Mall сауда орталығының екінші қабаты құлап, көптеген адамдар қамалып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті өрт сөндіру қызметінің мәлімдемесінде: «Касима қаласында сауда кешенінің екінші қабаты құлап, ішінде көптеген адамдар қамалып қалды», — делінген.

Бұған дейін полиция Кумамото аймағындағы Aeon Mall сауда орталығында жарылыс болғандай дыбыс естілгені туралы хабарламалар алғанын, бірақ зақым немесе құрбандар туралы қосымша ақпарат бере алмайтынын айтты.

Жапония метеорологиялық агенттігінің (JMA) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы 10 км тереңдікте болған және ол жергілікті уақыт бойынша сағат 16:27-де (BST 08:27) Кумамото префектурасын дүр сілкіндірген.

Агенттік жер сілкінісі Жапонияның Шиндо шкаласы бойынша ең жоғары жетінші деңгейде болғанын хабарлады. Бастапқыда агенттік биіктігі бір метрге жететін толқын үшін цунами ескертуін жариялаған, бірақ кейін оны алып тастады.

2016 жылы Кумамото екі жойқын жер сілкінісіне ұшыраған — біріншісі 6,5 балдық, екіншісі екі күннен кейін 7,3 балдық болған. Сонда 273 адам қаза тауып, 2800-ден астам адам жарақат алған.