Жапонияның Кумамото префектурасында магнитудасы 7,1 болатын күшті жер сілкінісі болды. Салдарынан ғимараттар қирап, жолдар мен көпірлер зақымданды, шамамен 48 мың үй электр қуатынсыз қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шамамен 300 мың тұрғынға эвакуациялау ұсынылды. Аймаққа жүздеген әскери қызметші жіберіліп, іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Ең ауыр оқиға префектурадағы ең ірі сауда орталығында болды, онда жер сілкінісінен кейін газдың ағуынан жарылыс болды. NHK деректері бойынша, 20-дан 30-ға дейін қызметкер хабарсыз кетті. Ғимарат ішінара құлап, орнында құтқарушылар жұмыс істеуде.

Жергілікті БАҚ мәліметтеріне сәйкес, эпицентрге жақын жерде ғимараттың құлауынан бір адам қайтыс болды. Nippon Paper Industries зауытында мұржаның құлауынан тағы бірнеше адам жоғалды. Екі аурухана 100-ден астам зардап шеккендер туралы хабарлады, олардың кейбіреулері ауыр жағдайда.

Жер сілкінісі салдарынан пойыздар, соның ішінде жылдамдықты синкансэндер тоқтатылды, Кумамото әуежайы жабылып, әуе рейстері тоқтатылды немесе басқа бағытқа ауыстырылды. TSMC, Sony және Fujifilm сияқты ірі компаниялар қызметкерлерін эвакуациялады. Кейбір кәсіпорындар уақытша жұмысын тоқтатты.

Негізгі дүмпуден кейін шамамен 100 афтершок тіркелді. Цунами қаупі кейін жойылды, бірақ билік алдағы аптада жаңа күшті жер сілкіністері мен көшкіндер қаупі туралы ескертті. Регулятордың мәліметінше, атом электр станцияларының жұмысында бұзушылықтар анықталмады.

Бұған дейін «Курсив» Венесуэладағы жер сілкіністерінен құрбан болғандар саны 5,5 мың адамнан асқанын жазған болатын.