Жексенбі күні Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатыр, алайда ел тарихындағы тұңғыш әйел премьер-министр Санаэ Такаитидің саяси болашағына Токиоға жауған қалың қар әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Бұл – елде соңғы екі жылда өтіп жатқан екінші сайлау. Үш ай ғана премьер-министр болған Санаэ Такаити қаңтар айында парламентті таратып, кезектен тыс сайлау тағайындаған еді.

Такаити бұл қадамға халық арасында беделі төмендеген билеуші Либерал-демократиялық партияның позициясын нығайту мақсатында барған.

Reuters агенттігінің жазуынша, сауалнамалар Такаити бастаған консервативті коалицияның жақсы нәтиже көрсетуі тиіс екенін болжайды. Алайда, оның жақтастарының дауыс беру белсенділігіне қалың қар кедергі келтіруі мүмкін. Биыл Токиоға алғаш рет қар жауып, қаланы ақ көрпеге орады.

Фото: Ким Юн-Хун/REUTERS