Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Ташиевті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін деген қауесет тараған тұста қабылданды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Қамшыбек Ташиев арнайы қызметті 2020 жылдың қазан айынан бастап басқарған. Оны бұл қызметке Садыр Жапаровтың өзі абақтыдан босап, премьер-министр болғаннан кейін бірден тағайындаған болатын. Екеуі көптен бергі дос әрі саяси серіктес саналады.

Президент Садыр Жапаров бұл қадамға қоғамдағы жікке бөлінудің алдын алу үшін барғанын мәлімдеді.

««Ең алдымен, мен бұл шешімді мемлекетіміздің мүддесі үшін, қоғамда, оның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында жікке бөлінуге жол бермеу мақсатында қабылдадым», – деді Садыр Жапаров.»

Ол сондай-ақ кейбір адамдар Ташиевтің атын жамылып, «қоғамда жағымсыз ахуал тудырғанын» да атап өтті.

Қамшыбек Ташиевтің өзі бұл жағдайға қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. БАҚ мәліметінше, ол қазір шетелде болуы мүмкін. Кейбір деректерде оның Германияда ем қабылдап жатқаны айтылады.

Ташиевтің отставкасы мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін деген болжаммен тұспа-тұс келіп отыр. Ол өзінің сайлауға түспейтінін айтқанымен, сарапшылар оның қызметтен кетуі Жапаров режимінің тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін деп санайды. Kloop басылымына пікір білдірген сарапшы Темір Омаров жағдайды былайша талдайды:

««Жапаров оған (Ташиевке) басты орындаушы рөлі жетеді, ал қолындағы зор өкілеттік оның көшбасшылық амбициясын тежейді деп сенді. Алайда, Қырғызстанның жаңа тарихында жиі болғандай, президент қателескенге ұқсайды. Режим 2027 жылғы сайлау арқылы билігін ұзартуға дайындалып жатқанда, оның басты тірегінің өзі шайқала бастады», – дейді сарапшы.»

Фото: Akipress