Жамбыл облысының Сарысу ауданында соққан қатты жел Жаңатас қаласындағы бірнеше көпқабатты үйдің шатырын ұшырып әкетті. Зардап шеккендер жоқ, бірақ тұрғындардың мүлкіне зақым келген, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, желдің екпіні секундына 32 метрге жеткен. Табиғи апат салдарынан қаладағы бірінші, үшінші және төртінші мөлтекаудандағы үйлер шатырсыз қалды. Қала уақытша жарықсыз қалған.
««Оқиғаға байланысты аудан әкімдігі жанынан жедел штаб құрылды, нысандарды тексеріп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Ахуал облыс әкімінің жеке бақылауында», – делінген ресми хабарламада.»
—
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жел таңға жуық күшейіп, қазір сәл бәсеңдеген. Қалаға электр энергиясы қайта берілді.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан шатыр қалдықтарының тұрақта тұрған көліктердің үстіне құлағанын көруге болады. Тіпті бір шатырдың жолда кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын толықтай басып қалғаны айтылады. Қанша көлікке зақым келгені әзірге белгісіз.
Оқиға орнына облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзі барды.
Фото: Әлеуметтік желіден
