Жаңаөзенде жалпы құны 15 миллион теңге болатын алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 10 қазанда болған. Күдікті сауда орталығының екінші қабатында орналасқан зергерлік бұйымдар бөліміне заңсыз кіріп, гауһар тастары бар 24 жұп алтын сырға мен 24 алтын сақинаны ұрлап кеткен.

Жәбірленуші бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, ұрлықты анықтаған. Келтірілген материалдық шығын 15 миллион теңгені құрады.

15 қазанда полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Күдікті ұрлық жасағанын мойындап, ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып жібергенін айтқан.

Қазіргі уақытта полиция ұрланған бұйымдарды іздестіріп жатыр. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.