2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексінің ережелері қазірдің өзінде шағын және орта бизнестің 70%-на жанама түрде әсер етіп жатыр, деп есептейді сарапшылар, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшойынованың айтуынша, жаңа ережелердің ықпалы айтарлықтай сезіле бастады. Ол Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп, елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 70%-ы жеке кәсіпкерлер екенін алға тартады.
««Жаңа салық ережелері арнайы салық режимдерінде жұмыс істейтін шағын бизнестің басым бөлігіне тікелей болмаса да, жанама түрде әсер етеді. 2026 жылдың басында нарық белсенді бейімделу кезеңінен өтеді», — дейді сарапшы.»
—
Салық кеңесшісінің сөзінше, өзгерістер әсіресе компаниялардың өзара іс-қимылынан анық байқалады. Мәселен, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі бизнес үшін арнайы салық режиміндегі серіктестермен жұмыс істеу тиімсіз бола бастады. Себебі олар қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке жатқыза алмайды және корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімдерге шектеулер бар.
««Мұндай мәмілелердегі экономикалық алшақтық ҚҚС мөлшерлемесімен шамалас сомаға жетуі мүмкін. Орташа маржасы 10-15% аралығында болатын сауда саласында мұндай шығындар пайданың едәуір бөлігін «жеп қояды». Бұл қазірдің өзінде нарыққа әсер етіп, компаниялар жеткізу тізбегі мен серіктестер құрылымын қайта қарастыруға мәжбүр болып отыр», — деп толықтырды Раушан Тасшойынова.»
—
Мәселені қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Айталық, арнайы салық режиміндегі тасымалдаушы жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компанияға қызмет көрсетеді. Тапсырыс беруші үшін мұндай келісім тиімсіз, өйткені төленген ҚҚС есепке алынбайды, ал КТС бойынша салық шегерімдері шектеулі. Нәтижесінде тапсырыс беруші не бағаны қайта қарауды талап етеді, не жалпыға бірдей режимдегі басқа тасымалдаушыны іздейді. Ал орындаушы болса, маржасын төмендетуге немесе корпоративтік клиентінен айырылып қалу қаупіне тап болады.
Осының салдарынан бизнес келісімшарт талаптарын өзгертіп, клиенттер тарапынан қысым көріп, жұмыс форматын бейімдеуге мәжбүр. Қосымша салық шығындары ішінара қызметтер мен жеткізілімдердің құнына енгізілуде. Сарапшының бағалауынша, кейбір B2B сегменттерінде салықтық өзгерістер мен жалпы инфляциялық қысымның әсерінен баға өсімі байқалады.
Бұл өзгерістер әсіресе сауда, логистика, құрылыс және сервистік мердігерлер сияқты жеткізу тізбегі ұзын және өзара есеп айырысуда ҚҚС үлесі жоғары салаларға қатты әсер етеді. Шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің үштен бірінен астамын құрайтынын ескерсек, салық логикасының өзгеруі жекелеген компанияларға ғана емес, сонымен қатар экономикадағы баға құрылымына, жұмыспен қамтуға және іскерлік белсенділікке де ықпал етеді.
««Жаңа жағдайда жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компаниялар ұтады, ал арнайы режимдегі бизнес корпоративтік тапсырыс берушілерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Қазірдің өзінде компаниялардың ҚҚС бойынша есепке тұруы, сондай-ақ бизнестің бір бөлігінің жалпы режимге көшуі белсенді түрде жүріп жатыр. Салық режимі енді жай ғана есеп жүргізудің техникалық құралы емес, нарыққа шығу факторына айналды», — деп қорытындылады Раушан Тасшойынова.»
—
Фото: Әлеуметтік желіден
