Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президент тапсырмасымен ашылған жаңа университетке қанша студент қабылданатынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа оқу жылында Астанадағы Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды. Министрдің айтуынша, шамамен 600 білім алушы қабылданады.

Бакалавриатта 400 студент оқиды, оның 308-і мемлекеттік грант иегері. Магистратура бағдарламасына 100 адам Астана Хаб, Алагеум гранттарына және ақылы оқуға қабылданады, деді Нұрбек үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасы бойынша оқытады.

Айта кетері, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті (Qazaq AI Research University / QAIRU) EXPO көрме кешенінің аумағында орналасқан.