Биыл пайдалануға берілетін жаңа әуежайлар келесі жылы ғана жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Бұл туралы вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев үкіметтегі брифингте айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, Зайсан мен Кендірлі әуежайларының құрылысы жыл соңына дейін, ал Қатонқарағай әуежайы келесі жылдың ақпан айында пайдалануға беріледі.

«Бірақ бұл жерде айта кету керек, ертең құрылысы аяқталғаннан кейін әлі құжаттарын рәсімдеуіміз керек, лицензиялар алу қажет. Сондықтан жаңа әуежайлар жолаушыларға және әуе көліктеріне келесі жылдың жартыжылдығында қызмет көрсете бастайды», – деді Нәлібаев үкіметтегі брифингте.

Вице-премьердің айтуынша, келесі туристік маусымға дейін үш жаңа әуежай толығымен іске қосылады.

Айта кетері, президент биылғы жолдауында Астанадағы жаңа әуежайдың құрылысын бастауды тапсырған болатын.