Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сенат кулуарында сотталған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы амнистиялау мәселесіне нүкте қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Блогерлер Жанабыловтарға қатысты категориялық түрде жоқ деп жауап беремін. Олар амнистияға жатпайды – қылмыстық жауапкершіліктен босату да, жаза мерзімін қысқарту да қолданылмайды. Бұл бап амнистияны қолдануды тікелей алып тастайды», – деді Әділов.
Бұған дейін Астана қылмыстық соты ерлі-зайыптыларға қатысты үкім шығарған болатын. Жанабылов екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылау белгіленді. Оған билік органдарын хабардар етпей тұрғылықты жерін өзгертуге, сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін үйден шығуға және ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынды.
Төлегенова да екі жылға сотталды, алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаның орындалуы 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге шегерілді. Сот егер ол баладан бас тартса немесе қоғамдық тәртіпті бұзса, кейінге шегерудің күші жойылатынын ескертті.
Прокурор екеуіне де нақты мерзімде төрт жылдан беруді сұраған еді.
Жанабылов пен Төлегенова заңсыз кәсіпкерлік және ақшаны жылыстату бойынша айыпталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, блогерлердің табысы 247 млн теңгені құраған. Тергеу барысында олар амнистияның орнына 50-60 млн теңге көлемінде өтемақы ұсынған, бірақ тергеушілер бұл ұсынысты қабылдамаған.
