Абай облысының әкімі Берік Уәли республикалық референдумда өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы таңертең Семей қаласындағы Медициналық университет ғимаратында орналасқан №93 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді.
«Бұл күн – еліміз үшін тарихи маңызы зор сәт. Абай елінің тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауын жасайтынына сенімдімін, – деді Берік Уәли.»
—
Жалпы, Абай облысы бойынша 465 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр, оның 429-ы – ашық, ал 36-сы – жабық мекемелерде орналасқан. Аймақта 400 мыңнан астам сайлаушы дауыс беруге құқылы. Ашық учаскелерде тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін мәдени шаралар мен жәрмеңкелер ұйымдастырылған.
Дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған. Учаскелерде пандустар, ыңғайлы кабиналар мен арнайы көрсеткіштер бар. Денсаулығына байланысты келе алмайтын азаматтар үшін тасымалды жәшік арқылы үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Өңірдегі 2164 мүмкіндігі шектеулі азаматтың барлығына осындай жағдай жасау үшін арнайы тексеру жүргізілді.
Сондай-ақ бүгін облыста 28 инватакси қызмет көрсетіп жатыр. Оларға қоса 6 сурдоаудармашы мен әлеуметтік қызметкерлер де жұмылдырылған.
