Жамбыл облысында ер адам қасақана өрт қойғаны үшін сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Талас аудандық сотында өрт қою арқылы бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотпен анықталғандай, 2026 жылдың сәуір айында сотталушы өзінің танысымен бірге "Көшек батыр" ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында ішімдік ішкен.

Осы кезде жәбірленушінің кәмелетке толмаған ұлы оларды мазақтап, ашуланған сотталушы балаға ұрыса бастаған. Сол уақытта баланың әкесі келіп, екеуінің арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында сотталушы ауылдасын "мен сенің үйіңді өртеп жіберемін" деп қорқытқан.

Сол күні ол өзі жанжалдасқан ер адамның үйіне келіп, қорада жиналған 800 түп шөпке жанар-жағармай құйып, оттықпен өрт қойған. Салдарынан жәбірленушіге 1,4 млн теңге сомасында материалдық шығын келтірілген.

Сотталушы кінәсін толығымен мойындап, соттан оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыны кешіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 202-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.