Алматы облысында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған халықаралық байге өтті. Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Қырғыз Республикасынан 150-ден астам шабандоз қатысты. Қатысушылар құнан байге, топ байге, батақұр байге және аламан байге сайыстарында сынға түсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге автомобильдер мен ақшалай жүлделер табысталды.

Аламан байге: 25 шақырым

Ең ұзақ қашықтық — 25 шақырымдық аламан байгеде «Коксирек» атымен Павлодар өкілі Дамир Илесбек бірінші болып мәреге жетті. Жеңімпаз бас жүлдені — ROX автомобилін алды. Ат иесі — Иемберген Куантаев, жаттықтырушысы — Қанат Долотбаков.

Екінші орынды Жамбыл облысының өкілі Алмасхан Базырбек «Бакторы» атымен иеленіп, 2 млн теңгемен марапатталды. Үшінші болып Астанадан Мансур Алижан «Кеменгер» атымен мәреге жетті. Оған 1,5 млн теңге табысталды. Төртінші орынды Жамбыл ауданының Көкбастау ауылынан Әмір Сералы «Желқоңыр» атымен алды.

Топ байге: 16 шақырым

16 шақырымдық топ байгеде Алматы облысының Балқаш ауданының өкілі Мерей Гарипуллин «Орда» атымен жеңіске жетті. Бас жүлде — Hyundai Palisade автомобилі. Ат иесі — Алтынбай Қасым, жаттықтырушысы — Жамбыл Бобекбай.

Алматы облысының Қарасай ауданының өкілі Әділжан Асхатұлы «Секрет» атымен екінші орын алып, 1,5 млн теңге алды.

Үшінші болып Алматыдан Ахмет Арнұр «Тобылғы торы» атымен мәреге жетіп, 1 млн теңге жеңіп алды. Төртінші орынды Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылынан Бейбарыс Төрехан «Абаданзор» атымен иеленді.

Құнан байге: 11 шақырым

11 шақырымдық құнан байгеде Алматы облысының Балқаш ауданының өкілі Айсұлтан Саматұлы «Баккара» атымен бірінші болып мәреге жетті. Жеңімпазға Changan X5 автомобилінің кілттері табысталды. Ат иесі — Назар Алтынбай, жаттықтырушысы — Жамбыл Бобекбай.

Екінші орынды «Еркежірен» атымен Ерсұлтан Жарқын иеленіп, 1 млн теңге алды. Әмір Сералы «Сұлу қасқа» атымен үшінші болып мәреге жетіп, 700 мың теңге жеңіп алды. Қырғыз Республикасының өкілі Ұмар Талантов «Байла» атымен төртінші орынды иеленсе, Жетісу облысынан Дарын Беріш «Байрақ» атымен бесінші орынды алды.

Батақұр байге

Батақұр байгеде Астанадан Сержан Бақытбай «Бомаро» атымен жеңіске жетті. Ат иесі әрі жаттықтырушысы — Нұржігіт Табылдиев. Екінші орынды Жамбыл ауданының Ақайнар ауылынан Темірлан Айдарханов «Гаухартас» атымен иеленді. Үшінші болып Павлодар өкілі Дамир Илесбек «Тарлан» атымен мәреге жетті.

Қосымша жарыстар

Халықаралық байгемен қатар қазақ күресі, асық ату, ләңгі ойыны, армрестлинг және гир спорты бойынша облыстық турнирлер өтті. Спорттық жарыстарға барлығы 300-ден астам адам қатысты.

Халықаралық байге ұлы қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.