Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мерке өзенінің сел қауіпті учаскелерінің жай-күйін тексеріп, су тасқыны мен сел ағындарының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сенбі, 4 шілдеде өңір басшысы Мерке ауданына барып, сел қауіпі бар Мерке өзенінің учаскелеріндегі жағдаймен танысты. Өзен арналарының ағымдағы жай-күйі және жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы оған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов және ҚР ТЖМ «Казселденкорғау» ММ Жамбыл филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев баяндады.

Облыстық әкімдікте соңғы күндері таулы аймақтарда жауын-шашын мөлшерінің артуына байланысты сел ағындары мен су тасқыны қаупінің өскені атап өтілді.

«Жауапты қызметтерге тау өзендеріндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізу, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылау және жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қою тапсырылды», — деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі.

Сонымен қатар, өңір басшысы елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін өзен арналары мен су өткізу құрылыстарының жай-күйіне ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, арналарды тазартуды жандандыру, олардың өткізу қабілетін арттыру және судың өтуіне табиғи кедергілерді жою қажет.

Әкімдік деректері бойынша, Жамбыл облысында сел қаупі бар 18 өзен бар. Қауіптерді ерте анықтау үшін сегіз гидробекетте тәулігіне үш рет су деңгейіне мониторинг жүргізіледі.

Ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін өңірде екі жедел топ және бір авариялық-механикаландырылған бригада құрылған.

Профилактикалық іс-шаралар аясында сел қауіпті өзендер бойына «Абайлаңыз! Сел қауіпті аймақ» деген жазуы бар 14 ескерту қалқаны орнатылды. Сонымен қатар, мамандар өзендердің ең қауіпті учаскелерінде 56 жерүсті тексеру жүргізді.