Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс режимінде Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың іске қосылу рәсіміне қатысып, өнеркәсіптік парктің құрылысына бастау берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев қатысты.

«Бүгін біз аймақ экономикасы үшін маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Қысқа мерзімде мұнда агроөнеркәсіптік кешен, қайта өңдеу саласы және біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи өндіріс құрылды. Бұл жоба ірі инвестициялардың аймаққа келетінін, жаңа өндірістер, жұмыс орындары және экономикалық өсу нүктелері құрылатынын айқын көрсетеді», – деді Ербол Қарашүкеев.

Іске қосылған зауыт Орталық Азиядағы аминқышқылдарын өндіретін алғашқы кәсіпорын болды. Жобаның үш кезеңінің барлығын іске асыруға шамамен 1,5 млрд доллар инвестиция тарту жоспарлануда. Шамамен 1 500 жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгері өңдейді. Толық жобалық қуатқа шыққаннан кейін өңдеу көлемін жылына 3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Кәсіпорын аминқышқылдарын өндіруге маманданған. Негізгі өнімдердің қатарында – изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин. Олардың кейбіреуі адам ағзасы үшін ерекше маңызды. Кәсіпорын өнімдері тағам және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнологиялық салада, сондай-ақ арнайы тағам және жем қоспаларын өндіруде сұранысқа ие.

Дайын өнімнің 80%-ы экспортқа жіберіледі, 20%-ы ішкі нарықта өткізіледі деп күтілуде.

«Shengtai Biotech» – Fufeng компаниясының Қытайдан тыс жерде салынған алғашқы өндірістік кешені. Кәсіпорынның жұмысы үшін шикізаттың айтарлықтай көлемі қажет. Бірінші кезеңде біз шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа және тұрақты өткізу нарығын құрады. Сондықтан біз аймақ аграрларымен ынтымақтастыққа мүдделіміз және оларды жүгері егіс алқаптарын ұлғайтуға және өнімді зауытқа жеткізуге шақырамыз», – деді «SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС басшысы Ван Яньдун.

Аймақ басшысының айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуы облыс аграрлары үшін де ерекше маңызға ие.

«Біз үшін өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар аймақ ішінде толыққанды өңдеу тізбегін қалыптастыру маңызды. Зауыт жүгеріге тұрақты сұраныс құрып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етеді және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, мұның бәрі аймақ экономикасының дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті Ербол Қарашүкеев.

Жамбыл облысы инвестициялар тарту және жаңа өндірістер құру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Бүгінде аймақтың инвестициялық портфелі жалпы құны 5,6 трлн теңге болатын 116 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды көздейді.

2026 жылдың сегіз айында облыс экономикасына 621,4 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,7%-ға артық.

Ағымдағы жылы жалпы құны 471 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.